BigData елегінде – парламент сенаты. Материал қалай жасалды?

Бөлісу:

Сәлем, достар. BigData елегінде – парламент сенаты.

Биылғы тамызда парламент сенатына сайлау өтті.

BigData мысалы ретінде осы тренд тақырыпты алып, мақала жазған болатынбыз.

Ол қалай жазылды? BigData журналист үшін қандай техника бере алады?

1-қадам. Дереккөздер жиыны

Бізге ең бірінші – data ретінде қарастыратын дереккөздер керек. Мұнда бәрі маңызды: сенат туралы мақалалар да, тақырыптық сайт та, теле-радиобағдарламалар да, бәрі-бәрі маңызды.

Алдымен осындай дереккөздердің бейберекет үйіндісін жасап аламыз.

Маңызды ескерту. Бұл дереккөздердегі мәліметтердің растығына ешқандай күмән болмауы тиіс. Сондықтан, мейлінше ресми дереккөздерге жүгінген жақсы.

 

2-қадам. Сұрыптау

Жинап алған дереккөздердегі мәліметтерді қандай да бір ретпен сұрыптай бастаймыз. Шынымен, дата-журналист үшін оңай болсын деп, оны ешкім дайындап қоймайды ғой?

Біз басты дереккөз ретінде парламент сайтының сенат бөлімін алдық. Бұл жерден не таптық?
Ең алдымен – сенаторлардың тізімі. Көріп отырғанымыздай, кестеге сала қоятындай дайын форматта ештеңе жоқ. Бұл жерде бәрін қолдан жасап аламыз.

Басты талап – бір сенатор туралы бар мәлімет барлық сенаторда болу керек. Әйтпесе бірінде бар, бірінде жоқ болса, мәліметтерден объектив материал шықпайды.

Мысал.

Мысалы мен сенаторларды оқу орындары бойынша өзара байланыстырғым келді. Бұл – олардың бұрыннан өзара байланыста болуын, ендеше, үлкен саясатта ауызбіршілік танытуына себеп болуы мүмкін деп ойладым. Бірақ мұндай мәліметтердің әркелкі берілуі немесе тіпті жоқ болуы бұл ойымнан айнытты.

Бірақ, мысалы, мына мәліметтер кәдеге асты. Сайтта барлық шақырылым депутаттарының тізімдері бар екен. Бұл бізге сенаторлардың ұзақ отырғандарын көруге мүмкіндік береді.

3. Мәліметтерді сараптау кезеңі. Функционал тәуелдік. Аномалия. Контраст. Парадокс.

Біздер тапқан мәліметтерімізді кестелерге қойып алдық. Бірақ оның өзінен өзі ақпараттық құны жоқ. Біз олардың арасынан бұрын байқалмай келген, бар болса да айтылмай жүрген нәрселерді іздейміз.

Мәліметтердің арасынан функционал тәуелдік іздесек болады. Функционал тәуелдік дегеніміз – бір параметрдің басқа параметрге тәуелдігі. Егер көрген болсаңыз, өткенде The New York Times басылымындағы конгресмендер туралы мақаланың мысалы келтірілген болатын. Онда авторлар конгресмендердің өмір жолын тізбектей келе, олардың мансабы мен алған білімі арасындағы тәуелдіктерді көрсеткен еді.

Аномалия. Аномалия дегеніміз – қалыпты жағдайдан ауытқу. Мысалы бір сенатор барлық шақырылымда болып шықса, ол аномалия болар еді. Себебі ондай – сайлауы ашық саяси жүйелерде мүмкін емес. Мен де аномалия іздеп көрдім. Біреуін таптым. Заң бойынша 49 депутаттың 48-і ғана бар екен. Біреуі кім? Кім екенін таппадым, бірақ сұрақ шығардым. Жолай – қай сенатордың қанша отырғанын көрнекі түрде тізіп шықтым.

Контраст. Контраст дегеніміз – айтарлықтай айырмашылық. Мысалы, кәдімгі шелек пен ойыншық шелектің көлемдері – контраст. Мұндай контраст сенаттағы орынды саяси партияларға үлестірген кезде шықты. 49 орынның біреуі ғана – басқа партияға тиесілі. Қалғаны – билеуші партияныкі. Бұл жайт белгілі болса да, оны көрнекі түрде беру оқырманды ойға қалдырады.

 

4. Визуализация

BigData-ның ұтымды жері – визуализация. Осы күнге дейін визуализация жасайтын ондаған қуатты құралдар жасалды. Бірақ олардың бар мазмұны көбіне десктопта ғана ашылады. Ал біздің сайт аналитикасы қазір қолданушының көбі смартфоннан кіретінін көрсетіп тұр. Қайтеміз? Өкінішке қарай, көп жағдайда оқырмандар үшін интерактив құралдардан бас тартып, таза графика түрінде беруге тура келеді. Себебі десктопта әдемі шыққан интерактив элементтер смартфонда қисайып кетеді. Оның үстіне, статик графика да өзінше қуатты құрал. Оның қарапайымдығы оның кемшілігі емес. Себебі сіздің басты мақсатыңыз – журналист тақырып бойынша беруі тиіс жауаптарды беру.

Міне, парламент сенаты BigData елегінде осылайша сүзілді.

Ерлан Оспан


БҰЛ ЖОБА АҚШ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДАМУ АГЕНТТІГІНІҢ (USAID) ҚОЛДАУЫМЕН ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ INTERNEWS ӨКІЛДІГІНІҢ “MEDIA CAMP — ОРТАЛЫҚ АЗИЯ” БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСТЫ.

Бөлісу: