Үкіметтің қазақшасы

Бөлісу:

Интернеттің қазақтілді сегментінде билік өкілдерінің қазақша сөйлеуі немесе сөйлемеуі – трафик әкелетін тақырып. Мессенджерлерде қазақшадан сүрінген министрді немесе басқа да мемлекеттік қайраткердің видеоларының кесінділері толып жүр.

Әлеуметтанушы сарапшы Дәурен Сәкенұлы, қазақ тілін білмейтін өзге ұлт өкіліне медиакеңістікте ешкім мән бермейтініне назар аударады. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкерлер арасында өзге ұлт өкілдері әрі кеткенде 20% құрайды. Оның үстіне, қазақша білмейтін өзге ұлт өкілі мемқызметке орналаса қалса да, іштей – орыс тілінде қарым-қатынас жасау қиындық тудырмайтын ұжымды таңдайды екен.

Ұлты қазақ шенеуніктердің ғана сөзден сүрінгені хайпқа ұласады деп есептейді сарапшы. Ал мемлекеттік қызметтегі өзге ұлт өкілінің қазақша сөлей алмауы халық үшін – қалыпты құбылыс.

Сарапшының айтуынша, заңнамалардың алдымен орысша дайындалып, кейін аударма жасалуы – қазірде барлығы әлдеқашан мойындаған, ешкім де жасырмайтын үйреншікті іс. Ал бұл жайт – бәрібір де билік құрамының тілін айқындайтын фактор болады.
Халық билікпен жиі қарым-ақтынас жасайтын нүкте – ХҚО-лар мен емханалар. Бұлар да мемлекеттік қызметке теңестірілгендіктен, алыс-беріс кезінде бәрібір де атқарушы биліктің қазақшасының деңгейін көрсетеді дейді Дәурен Сәкенұлы. Сарапшы мұны кемшіліктен гөрі, Қазақстанның тарихи ерекшелігі деп қараған жөн дейді.

ExUSSR елдері ішінде Қазақстандағы тіл саясаты шынымен ерекше. Қазақстандағы Литва Елшілігі берген мәлімет бойынша, ол елде тілге қатысты саясат айқын: мемлекеттік қызметкердің барлығы литван тілін білуі тиіс. Және Литвада медицина қызметкерлері мен педагогтар да – мемлекеттік қызметкер. Литван тілін білмейтін мемқызметкердің болуы үзілді-кесілді мүмкін емес дейді Литва Елшілігінің өкілі. Оның мәліметінше, литван тілі ана тілі болмағанымен, оны тамаша білетін мемлекеттік қызметтегі өзге ұлт өкілдерін де кездестіруге болады.

Біз Қазақстан Республикасы үкіметі өкілдерінің қазақ тілі бойынша жиі хайпқа ұшырайтынын, оларға әсіресе әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық қысымның қатты екен атап өттік. Атқарушы билікті «шалақазақтық»* пен «мәңгүртікке»** алып келетін факторлардың объективті себептері аталды. Ал енді, үкіметтің өзінде қазақша сөйлеуге көшу тренді бар ма? Олар бірнеше күндік хайп болған ондаған оқиғалардан кейін, қазақша сөйлеуге бетбұрыс жасады ма?

Бұл сұраққа жауап беру үшін, ҚР үкіметі өкілдерінің ҚР парлменті мәжілісінде сөйлеген соңғы 11 отырыстың стенограммасы алынып отыр. Айта кету керек, ҚР үкіметі кабинетінің өз отырыстары түгел дерлік қазақша өтіп келеді (үкіметтің соңғы отырыстарында тек денсаулық сақтау министрі А. Цой ғана орысша сөйлеп жүр). Стенограммадағы сөздері қазақ және орыс тілдері бойынша статистикалық талдау жасап, қазақша сөйлеуге талпыныс барын әлде жоғын көрсек.

Мәжілісте сөйлеген үкімет мүшелерінің қазақша сөздерінің үлесі

 

Сөздерінде қазақ тілінің үлесі көп министрліктерді кему ретімен топтау

Сөздерінде қазақ тілінің үлесі көп министрліктерді кему ретімен топтау

Қызық па? Иә, қазақша ең көп сөйлейтін – экономика министрлігінің өкілдері!

 

11 отырыстағы қазақша сөздердің тренді
11 отырыстағы қазақша сөздердің тренді

Осьтердің мазмұны: көлденеңінен – отырыстар (x), тігінен – процент (y)

Әрбір отырыстағы қазақша және орысша сөздер үлесін шығарып, сосын барлығын бір шкалаға орналастырып, трендті шығардық.

Көріп отырғаныңыздай, қазақ тілі әншейін флуктуация ғана, кей тұстардағы өсімді заңдылықтан гөрі – қазақша сөйлеуге бейім белгілі бір тұлғалардың жиналыста болу-болмауына тікелей байланысты коллизия.

_______________________________________
*, ** – балағаттау емес, жалпыға түсінікті сөзді қолдану әрекеті

 

Ерлан Оспан

БҰЛ ЖОБА АҚШ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДАМУ АГЕНТТІГІНІҢ (USAID) ҚОЛДАУЫМЕН ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ INTERNEWS ӨКІЛДІГІНІҢ “MEDIA CAMP — ОРТАЛЫҚ АЗИЯ” БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСТЫ.

Бөлісу: