МЕН ХИДЖАБЫМДЫ ШЕШТІМ

Бөлісу:

«Орталық Азиядағы радикалдану мен жалған ақпаратқа қарсы тұрақтылықты күшейту»

Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінің тұрғыны Қаракөз – хиджабты шешкеннен кейінгі өмірі мен радикалды исламның салдарымен күресуі туралы бөлісті.

– Саламатсыздар ма! Менің есімім Қаракөз, Жасым 25-те. Тереңөзек ауылының тумасы боламын. Сіздерге өзімнің басымнан өткен оқиғаны айтып берейін. Мен хиджабымды шештім.

Сіздің ислам дінінен алшақтауыңызға не себеп болды және сіздің бүгінгі өмірлік көзқарасыңыз/діни көзқарасыңыз?

– Бұрын радикалды діни ұстанымды ұстанатынмын. Уақыт өте келе көзқарасымды, ойымды өзгертіп, қазір өзімді агностикке қарай бағыттауды жөн көрдім. Білімді адамдармен сөйлестім, діни кітаптарды оқып іздендім, қазір содан ойым өзгерді. Діни көзқарасымды агностикке бейімдеуге болады.

Сіздің ойыңызша радикалды ислам мен дәстүрлі исламның айырмашылығы неде және қандай?

– Радикалды исламда әйел адамды 2 сортты адам немесе құл ретінде көреді, ол өзінің қөзқарасымен өмір сүре алмайды. Ал дәстүрлі исламда түсінесің, әйел адам өз ойын ашық айта алады, онда әйел адамды құрметтейді.

Бұрынғы наным-сенімнен бас тартудың негізгі себебі не болды?

– Хиджабымнан бас тартуыма ойымды өзгерткенім себеп болды. Хиджабты шешуімнің себебі – мен бастапқы кезде хиджаб киген кісілер дұрыс жолмен жүреді, бес уақыт намаз оқиды, жақсы нәрселер айтады, жақсы жолмен жүреді деп ойлайтынмын. Барлығына топырақ шашпай-ақ қояйын, өзіміздің ұйымда хиджаб киіп жүрген кісілерден естігенімдей, көргенімдей барлығы бірдей жақсы нәрсе ойлап, айтып, уақтылы намазын оқиды деп айта алмаймын. Сырты бүтін, іші түтін адамдар көп. Сыртынан қарағанда хиджаб киіп жүрсе де, жақсы жолмен жүреді деген ойынан шыға алмайды. Істеп жүрген істері, ойлары мүлдем басқа. Осылай менің ойым бірте-бірте өзгерді. Менің істеп жүргенім дұрыс па, дұрыс емес пе? Қаншалықты дұрыс? Білімді адамдармен сөйлесе келе, олар маған ғылыми кітаптарды, Ричард Докинзтің кітаптарын оқуға кеңес берді. Сол арқылы ізденіп, ойымды өзгерте бастадым. Хиджабқа деген көзқарасым өзгере бастады. Мүмкін мен агностикке жатамын ба, нақты білмеймін, Әлі ой-санамда 50/50 қалыптасып қалған бұрынғы ұстанымымда бар. Мүмкін қазір мен агностикке жатамын.

Сіздің бұрынғы және қазіргі діни көзқарасыңызды жақындарыңыз/достарыңыз қалай қабылдайды және арада келіспеушіліктер болды ма?

– Радикалды ұстанымда жүргенімде, хиджаб кигеніме, никаб жамылғаныма туыстарым, достарым, жанұям қарсы болды. Әркім маған «Сен әлі жассың, көп нәрсені білмейсің» деп ойын білдіріп, қарсы келіп, көп адамдармен түсініспеушілікте болдым, ренжісітім. Әркімнің өз ойын маған айта бергеннен кейін хиджабым мені тарылта бастады, байлай бастады, қылғындыра бастады. Кейін хиджабымды шешкеннен соң, мен толыққанды өмір сүріп жатырмын, еркін киіне аламын, еркін сөйлей аламын және еркін ойымды білдіре аламын. Жанұяммен де жақсы қарым-қатынастамын, қазір мені достарым да түсінеді, осы шешімге келгенімді дұрыс деп ойлаймын.

Қалай ойлайсыз, біздің қоғамда өзге діни ұстанымдағы адамдарға кемсітушілік жасалады ма?

– Менің жеке басыма кемсітушіліктер жасалады, өзім никабпен жүрген кезде, қазақтың патриот кісілері, жігіттері арабқұл деп айтатын, фанатик деп айқайлайтын, қысым көрсететін. Негізі ол дұрыс емес деп ойлаймын. Әркімнің ұстанымына олай тиісіп, қорлап, айқайлауға болмайды. Әркімнің өзінің ұстанымы болады ғой. Жалпы кемсітушілік негізі біздің ортамызда бар. Жаңағыдай қатты айтқанымен емес, сырт көзге де байқалады.

Сіздің бүгінгі көзқарасыңыз қалыптасам дегенше басыңыздан қандай жайларды өткердіңіз?

– Жаңа айтып өткендей менің ортамның маған деген ойы, көзқарасы өзгере бастады. Дәл солай мен жұмыс орнымда да орамал таққаннан кейін, адамдардың маған деген қарым-қатынасы, ой-пікірлері өзгерді. Сондықтан мен жұмыстан шығуға мәжбүр болдым. Одан кейін де мен басқа салада жұмыс жасағым келді. Бірақ мен орамал тартқаннан кейін олар мені қабылдағысы келген жоқ. Өйткені қазіргі жағдайда әркімнің ойы әр түрлі.

Сіздің көзқарасыңыздан достарыңыздың сенімі өзгерді ме?

– Бұрынғы радикалды ортамдағы дос қыздарымды қазіргі өміріме тартқым келді, өзгерткім келді, бірақ олар дамығысы келмеді, өзгергісі келмеді, сол ортада қалды. Өзім енді ғана бастадым. Дұрыс жолмен жүрмін деп ойлаймын.

Өзге діни ұстанымыңыз үшін қоғамдық көзқарастан қысым көрген жағдайлар болды ма?

– Айтып өткенімдей жұмыс орнымда ер кісілерден арабқұл, фанатик дегендей көп нәрселер естідім. Маған деген бұл көзқарастарын, қатынастарын қысымға жатқызамын.

Өзге көзқараспен жұртшылыққа біздің қоғамда өмір сүру қиын ба?

– Әрине дәстүрлі ортада өзіңді еркін ұстау, өз ойыңмен жүру қиын. Әсіресе әйел адамдарға әркім өз ойын айтса, қысым жасаса екі есе қиын.

Қазіргі жетілген сана-сезіміңізбен өткен шақтағы өзіңізге не дер едіңіз?

– Қазіргі санаммен өзіме айтар едім, білім ізден, оқы, басқа біреулердің ойымен өмір сүрме. Өзіңнің қалауыңмен, өзіңнің жасағың келген нәрсені жаса дер едім.

Қаракөздің берген сұқбаты мен ойы туралы дінтану маманы Асылтай Тасболаттың пікірін тыңдадық:

– Аталмыш видеодағы Қаракөз есімді азаматшаның діни дүниетанымында конверция элементтері байқалады. Себебі өзінің қазіргі күйін агностик ретінде бағалайды. Түпкі ақиқатты тану мүмкін емес дегенге сыятын бұл дүниетаным, негізінен діннен шығу немесе белгілі уақытқа дейін болса да (ақиқатты тапқанға дейін) діни тіршіліктен өзін аулақ ұстауды білдіретін ұстанымды байқатады.  Өзінің айтуынша радикалды ұйымның қатарында болған, сонымен қоса, Исламдағы діни атрибутиканың бірі орамал (хиджаб) тағуды, орамал тағу үкімін орындаушыларды радикалды ислам ағымдарымен ассосациялайтыны байқалады. Әрі сөздерінде радикалды ислам мен дәстүрлі ислам сөздерін қолданып, радикалды ағымнан дәстүрлі діннің артық екенін айтуы арқылы дерадикализация жұмыстары барысында тиісті рухани сауықтырудан өткенін байқатады. Бұл Қазақстандағы дін саясатында қарқынды жүріп жатқан дерадикализация жұмыстары барысында көп қолданылатын дәстүрлі дін ұғымы мен радикалды ағымдарды бөліп қарастыру, радикалды исламға дәстүрлі исламды «қарсы қою» арқылы радикализмнің алдын алу шараларының туғызған нарративтерінің көрінісі деуге болады. Себебі Қазақстанда Исламның Ханафилік мектебі дәстүрлі дін ретінде айқындалып келеді. Қаракөз дәстүрлі дінде әйелдердің құқығы, радикал ағымдарға қарағанда көбірек сақталады, радикал исламда әйелді екінші сорттағы адам ретінде көреді дейді.

Өзін агностик ретінде танытатын Қаракөз ғылыми кітаптарды оқып, дін жайында тереңірек ізденіп, білімді жандармен сөйлесу барысында көзқарасының өзгергенін айтады. Хиджаб, никаб сынды діни атрибутикаларды киетін діндар әйелдердің барлығы соншалықты шынайы жандар емес екенін айтуына қарағанда, ең әуелі дінге моральдық қолдау іздеп келгендігі көрінеді. 25 жаста екенін айтқанына қарағанда діндарлықтың жас кездегі формасына сай діннен моральдық құндылық іздегені көрінеді. Бұл діндарлық категориясының жастық шақтағы көрінісі болып есептеледі. Дін психологиясы зерттеулері бойынша діндарлықтың жас ерекшелікке сай формалары бар. Соның ішінде жас азаматтардың діндарлығында діннің моральдық құндылық ретіндегі аспектісіне көбірек басымдық беріледі. Қаракөздің бұрынғы радикал исламда болған кездегі ортасына көңілі толмауының басты өлшемі де сол болғаны анық білінеді. Себебі хиджаб тапқанымен олардың ісі сөзіне сәйкес келмейді дегенді алға тартады.

Қаракөздің діндар кезінде айналасынан, ортасынан көрген қысымы да (тіпті жұмыстан шығып қалуы), арабқұл деген айыптаулармен бетпе-бет келгені түпкілікті әділдік сүйгіш мінезін өзгерте алмағанға ұқсайды. Себебі ол діни көзқарасына қарай адамды кемсітуге болмайды деп сенеді, яғни қоғамға қатысты көзқарасында либералдық дүниетанымның басым екені белгілі болып тұр. Білім мен еркін ойшылдыққа ұмтылысы – көп ізденгенін көрсетеді.

 

Бұл бейне Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен әзірленген. Бейненің мазмұны Жамиля Касымканованың жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

 

Автор: Жамиля Касымканова

Бөлісу: