МЕН – БУДДИСПІН

Бөлісу:

«Орталық Азиядағы радикалдану мен жалған ақпаратқа қарсы тұрақтылықты күшейту»

27 жастағы Дару — буддист. Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тұрғыны дүниетанымы мен сенімі туралы, философиясы мен көзқарасы жайлы әңгімелейді.

–  Сәлеметсіздер ме! Менің есімім Дару. Мен Қармақшы ауданының тумасымын. Негізгі мамандығым филология, оны 2014 жылы тәмәмдап, одан кейін Музыкалық колледжде, өнер жолында білім алғанмын.

Қазіргі таңда өнер студиясында балаларға вокалдан сабақ беремін.

Менің негізгі өмірлік көзқарасым, діни көзқарасым бойынша мен – Будда ілімінің жақтаушысымын. Жаныма осыны серік етемін.

Сіздің ислам дінінен алшақтауыңызға не себеп болды және сіздің бүгінгі өмірлік көзқарасыңыз/діни көзқарасыңыз?

 –  Діннен алшақтауымның себебі: заман қарқынының өзгеруі. Яғни, біздің XXI ғасыр технология заманы екені бесенеден белгілі. Қарап тұрсақ адам баласының дамуын және өмір сүру дағдысын жеңілдетіп жатқан –  технология. Технология мен білімге сүйене отырып, білімнің сапасын көтеру,адам баласының әл-ауқатын технология арқылы жақсарту деген ұстанымды жаныма жақын еттім.

Әлемдік үш дінде, христиан, ислам, буддизмде менің жаныма жақын, өзіме қатты ұнайтыны ол – Будда философиясы. Бұны дін деп те айтады. Бірақ ол – ілім. Будда іліміне құлақ түруімнің себебі барлық діндерде, мәселен Исламда Аллаһ Тағаланы жан-жақта дейді, христиандық дінде Исаны құдай санайды. Ал Будда ілімінің түпкі тамырында Будда өзін құдай деп санамаған, оны кейін адамдар соңынан еріп, құдай атап кеткен. Ал шын мәнінде Буддадан құдай жайлы сұрағанда, ол ешқашан жауап бермеген, бар да, жоқ та деп айтпаған. Сол ақпаратты оқыған соң осы нәрсе менің жаныма жайсаң да жылы тиді.

Сондықтан менен құдай бар ма деп сұраса, мен аспанға қарап білмеймін деп жауап беремін.

Сіздің қазіргі діни көзқарасыңызды жақындарыңыз/достарыңыз қалай қабылдайды және арада келіспеушіліктер болама?

 –  Жалпы менің діни көзқарасымды достарым әртүрлі қабылдайды. Бәріне белгілі діни көзқарасы менімен ұқсас достармен тіл табысуда ешқандай қиындық жоқ. Менің достарымның арасында, жан достарым және қарапайым таныс кісілер бар. Жақын достарым «Мен құдайға сенемін. Аллаһ Тағала көгімізде. Жанымызда!» деп иман келтіріп жатқан жағдайда мен әрқашан бейтарап көзқарас танытамын.Себебі, мен жанжалды қаламаймын. Ал егер таныстарым (алыс достарым) келіп маған «Сен осы атеиссің бе?» десе, немесе тағы бір діни көзқарасым жайында сұрақ қойса, мен оның сұрағынелеусіз қалдырамын. Ал қоймай жатқан жағдайда, мен өз пікірімді айтамын. Жасырудың қажеті қанша?

Мұндағы мақсат өз көзқарасымды тықпалап, оларды жеңу емес. Олар өз көзқарасын білдіруге қалай құқылы болса, менің де дәл сондай құқығым бар екенін көрсету. Менің ойымша, Құранда жазылғандардың барлығын адамдар орындайтын болса, біз анау дүниеге бармай-ақ осы дүние жұмақ болар еді.

Қалай ойлайсыз, біздің қоғамда өзге дін иелеріне және де дінге сенбейтіндерге кемсітушілік жасала ма?

 –  Өзге дін иелеріне кемсітушілік біздің қазақ елінде бәсеңдеу болып келеді. Шет елге қарасаң діни алауыздық, діни кемсітушіліктер оларда басымырақ. Себебі, олар алға қарай дамып кеткеннен болар. Біздің ел де мүмкін уақыт келе сол деңгейге жетеді деп ойлаймын. Жақын діни достарымнан еститінмін, мысалы: «өзге дін иелері (мұсылман еместер) пейішке кірмейді» дейді. Сол кезде сұрайтынмын, «неге өзге дін иелері пейішке кірмейді?»дегенде, олардың жауабы: «Құранда солай жазылған» дейтін. Соны естігенде мен біртүрлі сезімде болып, жүрекке жақын қабылдайтын едім. Менің тағы бір сұрағым, мәселен, Аллаға сеніп, Құдайды мойындағанда емес адамның істеген игі істерімен жақсылықтарында ғой. Мысалы, қанша өзге дін иелері ауруға ем тауып жатыр, қайырымдылық жасап жатыр. Бұл әділетсіздік дейтінмін.

Бірақ діни идеология қатты сіңіп қалған адамдар бар. Көзін байлап алып, жетекке бұрып жатқан сияқты. Алдында ор ма, құз ба байқамайды «шындық алда» деп алға ұмтылатын сияқты.

Шәй басында отырған кезде атам, орыстың, өзге ұлттың өкілдерін көрген кезде «ақ құлақтар» деп кемсітетін. Бұл жерде христиан дінін жамандау емес. Бұл кісілер бәлкім ислам дінін, христиан дінін дұрыс түсінбеген сияқты. Негізі Құранда Аллаһ Тағалам «Барлығы бірдей. Барлығын бірдей сүйеді, бірдей жақсы көреді» деген мағынада жазылған. Сондықтан, адамдар дұрыс түсінсе ондай кемсітулер болмайтын еді деп ойлаймын.

Сіздің бүгінгі көзқарасыңыз қалыптасам дегенше басыңыздан қандай жайларды өткердіңіз?

 –  Бүгінгі көзқарасқа жетем дегенше, денсаулыққа байланысты бір жағдайлар болған. Шамамен 2006 жылдары мектеп оқып жүрген кездерде, басым айналып, есімнен талып құлаған кезім болған. Қалаға, дәрігерге әкеп тексерткен кезде, асимметрия, ми бөлшектерінің мөлшері екі түрлі болды. Маған«Опухольтурецкогоседла» деген диагноз қойылды. Яғни, мидың астында ісік орналасқан. Ол емделмейді, жарылуы мүмкін деген соң, жақындарымның барлыға уайымдап, ауыр хәлге түскен еді. Жақындарымның барлығы мұсылман, намаз оқитын, діни көзқарасты болғандықтан, олар маған АллаһТағала сұрағаныңды береді, күш жігерді содан табасың деп үміттендірді. Бала көргенін істейді дейді ғой, балалық па, мен сол кезде намазға бет бұрғанмын. Намаз оқып жүргенімде бұрынғыға қарағанда сезімтал болып, уағыздар оқып, біреу аянышты нәрсе айтса бірден көзіме жас алатынмын.

Сіздің көзқарасыңыздан достарыңыздың сенімі өзгерді ме?

 –  Жалпы біреудің өмірін өзгерту, өміріне қол сұғу басты мақсатым емес . Жалпы біреудің көзқарасын өзгерткенге қарағанда, өзіңнің көзқарасыңды, ойлау қабілетіңді, құндылықтарыңды өзгерткен дұрыс деп ойлаймын. Барлығын өзіңнен бастау керек.

Былайынша өзгенің көзқарасын өзгерткен емес, өз идеяларыммен, көзқарастарыммен бөліскен күндерім болды. Ол өзіммен жасты, өзімнен үлкендерге өтпейтін, өйткені адамның жасы ұлғайған сайын тамыры тереңге кетеді. Сол тамырмен жылдар бойы сіңген құндылықтарды өзгерту өте қиын. Бірақ кейбір оқушыларыммен, інілеріммен отырған кезде құдай жайлы әңгіме қозғалса дискуссия басталады. Сол кезде мен мынандай мысал келтіретінмін:  Егерде бір бөлменің ортасына гүл қойып, гүлге қажетті жарықты, жылуды алып тастап, құр алақан жайып құдайдан сұрасақ –  гүл өсе ме?

–  Әрине жоқ! Гүлге жылу керек, жарық керек оған бап жасалу керек. – деп, өздері айтады. Сол кезде менің айтарым:

–  Ең бірінші бізге, амал әрекет керек.Қай жерге тірелгендеде, адамды жеңіске де, жақсы өмірге де, жұмақ деп айтады ғой оған да адамның ісі жетелейді. Жұмақты жасау, барлығы өзіміздің қолымызда ғой, – деген сияқты әңгімелер айтқанда «Дұрыс айтасыз, аға!» деп қолпаштаған кездері болады. Басымнан өткен осындай жағдайлар.

Дінді қабылдамағаныңыз үшін қоғамдық көзқарастан қысым көрген жағдайлар болды ма?

 –  Дінді қабылдамағаным үшін қатты қысым көрген емеспін, бірақ миды жейтіндер болады. «Өй, ол дұрыс емес» деп өз ойларын дәлелдегісі келіп, көзқарасын тықпалап, «сенуің керек, күнә емес пе?» – деп. Олар дін туралы сөйлей бастағанда неғұрлым қабылдамауға тырысасың.

Былай жауап беретінмін, «мысалы біреу құдайға сенгісі келеді, иманынан жай табады, ал мен ол өткелдерді өттім. Кезінде қатты ауырған кезде иман келтіріп, дұға еткен кездерім болды. Алайда денсаулығымда бір өзгеріс, шипа таппадым. Сондықтан бұлай уақытты бос өткізгенше әрекет етемін деп шештім.»

Буддизмде мынандай нәрсе айтылады:

Адамың сыртқы және ішкі әлемі бар. Ішкі әлемі сырттан соққы бергенбіреудің сөзі, біреудің істеген әрекеті немесе ішкі дерт деген болады ғой, соған табандылықпен төтеп беру.

Сыртқы әлемге қоршаған ортадағы барлық нәрсені жатқызам. Достарым, табиғи құбылыстар, яғни көзбен не көресің соның барлығы.

Осы ішкі, сыртқы әлем бар дегенді буддизмнен алып алдым да, соны тиімді ақпарат деп қабылдадым.

Өзге көзқарас ұстанатын жұртшылыққа біздің қоғамда өмір сүру қиын ба?

 –  Біздің қоғамда қандай да бір көзқарасты ұстанғысы келсе, ол әркімнің өз еркі ғой. Біз зайырлы мемлекет болғандықтан, бізде түрлі дін иелері бар.  Сондықтан қарапайым көзбен қарасаң атеисттер де, буддисттер де, христиандар да барлығы осы қоғамда сіңісіп өмір сүріп жатыр ғой. Сондада кейде келіспей қалатын кездер бар.Неғұрлым жасы үлкендер келіспеушілік танытады. Былайынша жастардың арасында ешқандай кедергі жоқ сияқты. Дегенмен әркім өзіне өзі жауап беруі керек.

Қазіргі көзқарасыңызға байланысты өміріңізде болған қызықты оқиғамен бөліссеңіз.

 –  Менің қатты сыйлайтын 3 досым бар, олар намаз оқиды. Мен олармен 2-3 жыл бұрын сөз таластырдым, бірақ ренжіскен жоқпыз. Өйткені олар діни көзқарастың жаңа бір деңгейінде дамыған сияқты. Бірақ дәрет алғанда білектен шайтандар жуылады, иығың тұсында періште бар ол жазып жатады деген сияқты нәрселерге сенеді. Сол тақырыптарда бізде сөзталас болды.

Мен:

– Ол олай емес, бұның барлығы жәй пайғамбардың және оның сахабаларының өмір сүру салты сияқты, –  дейтінмін.

Олар:

– Жоқ, күмән келтірме! Ол АллаһТағаланың төменге тарс етіп жібергені. –  дейді.

Мен көзіме кітап жоғарыдан ұшып келген сияқты елестететінмін.

Қазіргі жетілген сана-сезіміңізбен өткен шақтағы өзіңізге не дер едіңіз?

 –  Енді осы санамен өзімнің өткен шағыма баратын болсам. Ол менің қай аралықты қамтитыныма байланысты. Егерде осыдан он жыл бұрынғы аралықты қамтитын болсам, мені әке-шешем діни көзқараста, ескі құндылықтармен тәрбиелеген. Мен жаман нәрселерді жасамас үшін, артық әрекеттержасамас үшін, жын-шайтан сияқты ескі құндылықтармен қорқытатын. Олардың дұрыс тәрбие бермеудің тәсілін білмейтіндігін білсем, оларды тыңдамас едім. Дәстүр, үрдіс санадағы қорқыныш, кедергілерге сенбес едім. Барма деген жерге барып, алма дегенді алып, алға ұмтылар едім.

Қоғамда буддист немесе өзге діни көзқарас иесі екеніңізді ашық айтуға кедергілер болуы мүмкін бе?

 –  Мен өзіме сыйластық танытатын адам болса, мен өзімді тежер едім. Мысалға атеизм, шынайылық деген мен үшін факт болса, мен оған сенсем, маған ешнәрсе кедергі болмайды. Себебі көптеген жүрегінде иманы бар адамдар «Аллаһ хақ!» деп жар салады да, менде өмір ақиқат, жерге құлаған нәрсе ол шындық деп айтуға болады.

Мысалы, карантин кезінде қанша адам намаз оқығаныменмедицина, ғылым секілді нәрселер күшті екенін көрсетті. Сондықтан Алладан бұрын амал ету, ғылым арқылы деп айтуға мен құқылымын. Ал маған кедергі жасайды ма, аузымды жаба ма ол өзге адамның пікірі деп ойлаймын.

Будда ілімі туралы дінтану маманы Әлижан Әлібекұлының пікірін тыңдадық:

–  Будда ілімі – қазіргі таңда ғылымда, философияда әлемдік 3діннің бірі. Тарихта пайда болуына байланысты алғашқы әлемдік діндердің бірі деп айтуға да болады. Негізі Будда ілімі, сол кездегі дәстүрлі Үндістанның дүниетанымы, Үндістанның  индуизм дініне оппозиция ретінде қалыптасқан болатын. Өйткені ол кезде ведалық ілімдерге сәйкес өмір 4 кастаға бөлінген.

Жоғарғы каста ол: Брахмандар, одан кейін кшатрилер (әскерилер), одан кейін вайшьи және де шудралар. Вайшьи мен шудра төменгі каста болып саналды.

Кшатрилер олар әскер басшылары және мемлекет басшылары. Осы кезеңде кшатрилер кастасының арасынан брахмандардың ықпалынан шығу мәселесінің негізінен буддизм ілімі қалыптасады. Буддизм ілімі Үндістанның барлық қоғамына теңдікті алып келеді. 

Бұл дегеніміз не?

Адамзат өз тумасына байланысты ешкім ешкімнен биік емес, жоғары емес барлығы тең деген қағидада. Осы ретте осындай дүниелер пайда болып, Буддизм ілімі қалыптасады.

Буддизм ілімінің негізін салушы СиддхартхаГаутаманың  4 ақиқаты дейді. Өмір азап, азапта себеп бар, азаптан құтылу бар, жол азаптан құтылу дейді. Демек сен мына дүниеге келгеннен кейін сен азап шегуің керек.Себебі, сенің мына өмірге қайта келуің, өмірлік мына сансара шеңберінен қайта туылудан құтыла алмауың. Демек өткен өміріңде сенің кармаң дұрыс болмады. Осыған сәйкес бұл карманы дұрыстау үшін 8 адалдық жол бар дейді, оны 8 ізгілік жол дейді. Осы 8-ді дұрыс ұстану керек дейді. Бұл енді Ахинса– жан иесіне қиянат жасамау, сөз қиянаты, іс қиянаты, басқа да қиянаттар жасауға болмайды.

Енді біздің кейіпкерге келетін болсақ.

Біздің кейіпкерден басты байқағанымыз, Будда ілімінен гөрі не екені белгісіз, бұл жігіт ислам туралы көбірек сөз қозғады. Буддизмде неофит негізінде толыққанды дүниетанымы қалыптаспаған және де макро әлем мен микро әлем негізінде буддизмде емес, Қытайдың Дао ілімінде басымдыққа ие. Себебі, үнділердегі макро әлем мен микро әлемнің айырмашылығында –  макро үнді буддизмде қабылданбайды, буддизмде макро деген жоқ, себебі макро сен өзің буддамен теңесіп кеттің, демек барлық тіршілік осы дүниеде болғандықтан, сен осы дүниедегі қайта туылудан құтылуың керек.

Бұл жігітте тағыда бір жайт бас алған, сіздер видеоны қарасыңыздар, видеоның басында бұл жігіт малға шөп беріп отыр. Енді қайтадан баста айтып кеткендей буддизмде жан иесіне қиянат жасауға болмайды. Олар тек қана адамның жаны емес, жан-жануар, құрт-құмырсқалардың да жанына қиянат жасауға болмайды. Осы жерде бізде бірінші түсініспеушілік жағдай туындап отыр. Мүмкін бұл бала толығымен буддизмге өтпегендіктен осындай бір диссонанс болып тұрған шығар.

Енді буддизмге келетін болсақ жалпы буддизм діні өте бейбіт болып келеді және де әлемдік тенденцияда дамуда көптеген батыс елдегі азаматтар және де посткеңестік кезіндегі жастардың буддизмге немесе йогаға үнді философиясын тарту осы дүниеде тұр. Қиянат жасауға болмайды. Демек жамандыққа баруға, итермелеуге болмайды. Кейбір діндерде де бар, басқа біреуге қиянат жасауға тыйым салынбағанмен де, олар дін жолындағы күрес деп қабылдайды. Буддизмде осы дүние бар. Буддизм –  адамға, жан иесіне қиянат жасауға болмайды деген бар. Енді қазақ даласына келетін болсақ, қазақ даласында әу баста Ұлы Жібек жолының даму кезеңінде қазақ даласында буддистер болған және қазіргі кезде де Қазақстанның территориясында Будда ілімін ұстанушы ұлттар бар. Олар буряттар және де қалмақтар. Қалмақтарға келетін болсақ олар буддизімнің тибеттік формасын Ламаизмді ұстанады. Қайтадан кейіпкерімізге келетін болсақ. Өзі айтқандай мен ауырдым деді. Негізі көптеген азаматтар дін жолына қиыншылыққа тап болған кезде келеді. Солай бұл жігіт те ауырғаннан кейін дін жолына бет бұрды. Өйткені қолдауды қай жерден табарын білмеген жас жігіт, осындай сакралды формада күш іздеді. Нәтижесінде бұл исламға келеді, исламнан ондай нақты күшті ала алмағандықтан, бұл жігіт буддизмге қарай келді. Бірақ толық буддист болды деп айта алмаймыз.

 

Бұл бейне Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен әзірленген. Бейненің мазмұны Жамиля Касымканованың жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

Автор: Жамиля Касымканова

Бөлісу: