МЕН РАДИКАЛДЫ ҰСТАНЫМДА БОЛҒАНМЫН

Бөлісу:

«Орталық Азиядағы радикалдану мен жалған ақпаратқа қарсы тұрақтылықты күшейту»

35 жастағы Арман діни көзқарасы туралы әңгімесін «қазір бір тылсым дүниеге сенемін деп айта алмаймын» деп бастайды. Радикал ұстаным жолына түсіп, «Алланың жолында соғысуды» армандаған жігіттің ес жиюына әкесі көмектескен. Бірақ, өкінішке қарай, шейіт болып өлуді көздеп, жырақтағы соғысқа аттанған ағасын аман алып қала алмаған.

Сіздің ислам дінінен алшақтауыңызға не себеп болды және сіздің бүгінгі өмірлік көзқарасыңыз?

– Қазір бір дінді ұстанамын немесе қандайда бір тылсым дүниеге сенемін деп айта алмаймын. Мен исламнан алшақтауымның себебі – менің ағамның өмірін алып кеткен радикалды ұстаным.

Сіздің ойыңызша радикалды ұстаным мен дәстүрлі исламның айырмашылығы неде және қандай?

– Басында мен және менің отбасым дәстүрлі ислам қағидаларын ұстанушы едік. Ағам белгісіз ортаға қосылып, басқа ағымға қосылғанын түсіндік. Оны дұрыс жолға саламыз деп жүріп, өзіміз де соның айтып жатқандары дұрыс, не істесе де құдайдың жолында екен деп тұжырымдайтын болдық.

Сонымен не керек, мен де, ағам да, балақты қысқартып, сақалды өсіріп, қатарымызға жаңадан қосылғандарды үгіттеп, Таяу Шығыста Аллахтың жолында жан тапсырсақ – мәңгі жәннәттің төрінде өмір сүреміз дедік. Бізге сенді, өйткені біз айтып жатқанымызға өзіміз де толық сендік. Біз нағыз тақуа мұсылман боламыз, исламды тереңінен танимыз деп ойлап жүріп, қателестік. Шындығында, бұл мүлдем ислам емес екен.

Бұрынғы наным-сенімнен бас тартудың негізгі себебі не болды?

– Бас тартуымның себебі – сол сенімді ағамның жанымен төледім. Өзгелерді үгіттеп соғысқа жіберу қиын емес. Бірақ өз бауырыңмен қоштасқанда, бұның ешқандай мәні жоқ, тек құрбандық екенін түсінесің. Әкем болмағанда мен де сол ағамның соңынан кетер едім. Сақалымды қинап қырып, құзырлы органдарға барып менің ұлым осындай тірлікпен айналысып жүр деп, менің жасаған тірлігімді жеткізіп салып отырды. Сол кезде ашуланғанмен қазір рахметімді айтамын. Әке-шеше мен баланың байланысы қандай тығыз болса, аға мен інінің байланысы одан да күштірек. Мен осы сенім үшін бауырымнан айрылдым.

Сіздің бұрынғы және қазіргі діни көзқарасыңызды жақындарыңыз/достарыңыз қалай қабылдайды және арада келіспеушіліктер болды ма?

– Бұрынғысын сөзсіз еш бір туысым, достарым қолдамаған. Ал қазір қандай да бір дінді ұстанамын немесе ұстанбаймын деп айтпаймын. Аузы күйген үрлеп ішеді дейді ғой. Дін туралы, наным сенім туралы тақырыптарды көтермеуге тырысамын.

Қалай ойлайсыз, біздің қоғамда өзге діни ұстанымдағы адамдарға кемсітушілік жасалады ма?

– Кемсітушілік жасалады. Өзімізге ұқсамайтындарды түрткілектеуді жақсы көреміз ғой. Бірақ мен ешкімге зияны жоқ адамға қысым көрсетуге қарсымын. Қай дінді ұстанса да, сол дін ол адамға жақсы адам болуына септігін тигізіп жатса, олған қысым көрсетудің қажеті жоқ.

Сіздің көзқарасыңыздан достарыңыздың сенімі өзгерді ме?

– Түбегейлі өзгермеседе, осы ой толғандырғаны анық. Бірақ Таяу Шығысқа дайындалып жүргендерге біз адасқанымызды, біздің сеніміміздің дұрыс емес екенін жеткізе алдым.

Өзге діни ұстанымыңыз үшін қоғамдық көзқарастан қысым көрген жағдайлар болды ма?

– Мен ешқандай дін ұстанбаймын ғой. Бірақ ұстанбағаным үшін емес, керісінше радикалды ұстанымда болғаным үшін туыстарымнан, қоғамнан қысым көрдім. Сақалымды өсіріп, қысқа балақпен көшеге шыққанда, біреуі қорқып, біреуі аларып қарайтын. Менің бұл жүрісім, ағымым дұрыс емес екенін өзім танымайтын адамдар айтқан да кез болған.

Өзге көзқараспен жұртшылыққа біздің қоғамда өмір сүру қиын ба?

– Әр жерде өз қөзқарасыңды сөз қыла берсең қиын шығар. Дұрыс жүрген адамға ешкім тиісе қоймас. Бірақ бөгде нәрсені түсінбейтіндер көп қой.

Қазіргі жетілген сана-сезіміңізбен өткен шақтағы өзіңізге не дер едіңіз?

Бұл жалған сенушілердің тұзағына түспе дер едім. Қаншама адам қаза тауып, артында қара жер құшып қалғандар қаншама?! Қанша азаматтар түрмеде отыр. Көптеген отбасы бала-шағасымен барып, туған топырағында көмілу бұйырмай қалды. Өткен шақтағы өзіме оқы, еңбектен, халқыңа, туған-туыс бауырыңа пайдаң тиер іспен айналыс дер едім.

Дінтану маманы Әлижан Әлібекұлы былай дейді:

– Кейіпкердің тағдыры өте ауыр. Бауырының қандай деңгейде діни ілім алғандығы және сауаттылығы қандай деңгейде болғанын білмейміз. Алайда, Арман ағасының теріс діни ағымда жүргенің біле тұра оған ешбір психологиялық, дінтанулық немесе теологиялық дайындықсыз райынан қайтаруға бел буған жоқ, керісінше, сол ағымға түсіп кеткендігі оның дүниетанымының тар екендігі байқалады.

Көп жағдайда адамның қандай да бір дінге өтуіне негізгі себеп – ол психологиялық күйзеліс болса, діннен шығып кетудің де себебі сол болады. Ағасының радикалды ұстанымды тарату жолында қайтыс болуы себебінен діннен шығып кеттім деуі, тағыда оның писхологиялық көрсеткіші деуге болады.

Радикалды діни идеологияға басым бөлігінде өмірге реніші бар, қандайда бір қиыншылықты жеңе алмаған азаматтар өтіп кетеді. Осы ретте қоғамда өз орнын жоғалтып алу, қоғамдық сөгістен қорқатын азаматтар жұрттың ойына тәуелді болады. Расымен еліміздің оңтүстік өңірлерінде өмір сүретін халық арасында ислам дінінің ықпалы өте жоғары. Алайда, адамның қандай да бір дін ұстану мәселесіне келгенде – әрбір азаматтың өз еркінде. Біздің кейіпкер қайғылы оқиғадан кейін осыны түсінгені өте ауыр.

Бұл жазба Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен әзірленген. Жазбаның мазмұны Жамиля Касымканованың жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

Автор: Жамиля Касымканова

Бөлісу: