МЕН – ТӘҢІРШІЛМІН

Бөлісу:

«Орталық Азиядағы радикалдану мен жалған ақпаратқа қарсы тұрақтылықты күшейту»

Қытайдың Алтай қаласында туып, қазір Алматыда тұратын Ай-Бөрі тәңіршілдік көзқарасын ұстанады. «Тәңіріме барлық жүректің тілі еркін жете алатынына сенемін. Оның табиғатына да бас ием, шексіз сүйем, сүйсінем» дейді ол. Ай-Бөрі көбіне ислам дінін ұстанатынын ортасынан мұнысы үшін жұмсақ сын да, қарғыс та естіген. Бірақ ол «ешкімді өзгерткісі келмейді», «әркім өз жолын өзі таңдауы керек» дейді.

Сіздің дәстүрлі ислам дінінен алшақтауыңызға не себеп болды және сіздің бүгінгі өмірлік/діни көзқарасыңыз?

– Мен осы уақытқа дейін «әлмисақтан бері мұсылманмын» деп келген қазақпын. Тек оның анық мағынасын кейінірек түсіндім. Оған қалай келгенім ешкімге жаңалық емес шығар. Исламдағы бүкіл парыз-ережелерге барынша мойынсұнуға тырыстым, тек таза сәбилік көзқараспен қараппын ғой, (әлде өйтпеуім керек пе еді) маған түсініксіз нәрселер көп болды.  Одан алшақтауыма жауабы жоқ қаптаған сұрақтарым себеп болды. Ислам дінін қабылдамағандар немесе ол туралы өмірінде білмей өткендердің неге «кәпір» атанып, тозаққа қуылатынын ұқпадым. Кінәсіз ғой! (Асылы таза ислам дінінде ондай жоқ, тек, неге екені белгісіз, бәрімізге солай түсіндіріліп келді). Әрі әке-шешем мені қара басыңа ғана пайда тілеме деп тәрбиелеген, оның да неге екені белгісіз. Содан намаз оқыған сайын «бұл тек өзіме ғана сауап жинау, қара басымды ойлау» деген ойлар жинала бастады. Құдай алдында ұялдым, намаз соңында «егер сауап деген осы болса әке-шешеме бөліп берші, біліп-білмей жасаған күнә-кінәсінің жүгін маған артшы» деп жалбарынатын болдым, қысқасы шатасып кеттім. Бұның дұрыс-бұрыстығына әлі көзім жеткен жоқ, бірақ қазір бір нәрсені анық білемін. Құдайға қаратылған сөз (дұға-тілек) жаттанды болмауы керек. Ол көкейіңнен шығуы керек екен. Бұл менің қалауым болып шықты. Ал намазды неге өз тіліңде оқуға болмайды деген сұраққа әлі күнге тұшымды жауап ала алған жоқпын.

Қазір Тәңір дінін ұстанамын. Мұнда ислами комплекске қарағанда адами ізгілік басымырақ екені бірден сезіліп тұрады. Мен қазір адам рухының өлмейтініне немесе мен сезбейтін бір кеңістікте Ұмай анамның мейірлене бақылап, тілекші боп отыратынына шүбәсіз сенем. Сонша ғасырдан бері жоғалтқанымды тауып, сағынғаныммен қауышқандай сезімдемін. Ішкі теңдігімді таптым. Бұл тұтас бір еркіндік.

Сіздің ойыңызша дәстүрлі діндер мен тәңіршілдіктің айырмашылығы неде және қандай?

– Түптеп келгенде тәңірлік діннің өзі дәстүрлі дін. Себебі исламға дейін оны ұстанғандардың саны әлдеқайда көп болған. Исламның бізге келгеніне көп болды, онда да оны тұтастай таза, сауатты ұстанып жүргеніміз шамалы. Олай дейтінім: біз қазір пайдаланатын құран, пайғамбар, періште, намаз, жаназа, т.т. бәрі қазақтың өз сөзі, өз нанымы. Адамның өмірге келіп, қайта қайтқанына дейінгі жасалатын ырым-жоралғының бәрі өзіміздікі, әйтпесе исламда кісі қайтқанда дауыс шығарып жоқтау да жоқ, оның жетісін, қырық күнін күту де жоқ. Түркілер ислам әлеміне өзіндік орнықты дүниетанымымен енді. Дін әкелушілер де өз дінін өз тілімізбен өзімізге түсіндірді, мақұл анауыңа рұқсат, мақұл мынауыңа рұқсат дегендей болды. Бірақ біздің Көк Тәңірі «көк аспанға» айналып кетті, өкініштісі сол. Бұған мүминдер өз өкілі деп санаған М.Қашқаридың өзі қарсы болған. «Ислам келгеннен кейінгі өркениетке үлес қосқан» бұл бір ғұламалар тобы (суфистер) Көк Тәңірі мен Алла тағаланың еш айырмасы жоғын анық айтады. Демек мәселе діни танымда емес, діннің кісілік табиғатында болса керек, әйтпесе, шығыстың көзін ислам ашып па, болмаса одан бері бізден емес, Араб түбегінен неге бірде бір ғалым шықпады дейсіз?

Айырмашылық осы танымда ғана. Айырмашылық «менікі дұрыс, сенікі бұрыс» дейтін адамда ғана. Тәңір дінін ұстанушылар ақиқатқа жақынырақ болғасын ба екен, исламды жалған дін деген жоқ, оның шынайы болмысын түсінді, ұғынып қабылдады, яғни біліміне білім қосты, ұтқан жеріміз осы ғана. Оған қоса Түркі халықтары ежелден табиғатпен етене жақын болған, оның кие-құдіретін таныған ел. От, жауын, боран, ағынды су мен топырақ сізге сусыған шекіз құмды дала емес, шөлді мекендердің аурасы біздікімен салыстыруға келмейді, шөлдің энергетикасы мүлде ауыр, еңсеңді басып тұрады, онда туған адамға оттың жақсылығын түсіндірсең көзіне тозақ елестейтіні даусыз, себебі адамның ыстықтан да қажитыны айдан анық. Осыдан-ақ қай мекенді мекендейтін адамның қандай дінді ұстануы керектігі айқындала бастайды. Әйтпесе таза асыл діндердің бір-бірінен айырмасы жоқ. Өйткені қай дінді алып қарасаңыз да тәнді таза ұстау, тырнақты қысқа ұстау, адам баласына қиянат/жамандық қылмау, шашты жабық ұстау, ораза ұстау жөнінде айтылады. Құдай және оның жердегі елшісі, жындар әлемі, жұмақ пен тозақ жайлы таным да бәріне ортақ. Не дегенмен бәріміз бір атаның баласымыз ғой. Тек уақыт өте келе адамдардың өздері ойлап тапқан «ереже-нанымдары» діндерді бір-бірінен алшақтатып бара жатыр. Мен исламды жаман дін деп ойламаймын, тек соңғы уақыттары құдды бір тәңіршілдерден қорқатындай асқан агрессияға ауып бара жатыр. «Ескерту міндет» екені анық, бірақ олай екен деп «ұрыс-уағыз» жүргізуге болмайтын шығар деп ойлаймын. Бұл исламның табиғатына жат қылық деп есептеймін. Өйткені барлық болмыстың төрешісі – жалғыз құдай емес пе?!

Сіз үшін тәңіршілдіктің сізге тартымды болған және қызықтырған тараптары не?

– Ең әуелгісі – тіл. Сөз бостандығы. Яғни намаз дегеніңнің өзі бес уақыт қайталайтын жаттанды сүрелер емес. Өз көкейіңнен шыққан сөз, жүрегіңді жарып шыққан мінәжат, өз сөзің. Мұхамед расулдың ақындығына шүбәміз жоқ, бірақ біздің халық жаттаған сүрелерінің мағынасына мән бере бермейді, өлі жаттайды. Одан намазының мәні де жоғалады. «Ақ қойдың келдесі, қара қойдың келдесі, Мен құдайдың пендесі» деп намаз оқи беретін кісілер болды ата-әжелеріміздің уақытында. Ал соған «мынауың қате, бұның қабыл болмайды» деуге кімнің дәті барсын? Әрине, әркім өз деңгейіне қарай тілек тілейді. Мен де! Мен өз тілімнің құдайға сөз арнай алатындай дәрежеде екеніне сенемін және сонымен мақтанамын. Менің Тәңіріме барлық жүректің тілі еркін жете алатынына сенем. Мен оның табиғатына да бас ием, шексіз сүйем, сүйсінем. Адам рухының да киесіне сенем. Болды!

Сіздің бұрынғы және қазіргі діни көзқарасыңызды жақындарыңыз/достарыңыз қалай қабылдайды және арада келіспеушіліктер болды ма?

– Келіспеушіліктер әрдайым болады, себебі қазір тәңіршілдерден бөлек атеистер де көбейіп келеді. Екеуін шатастыратындар көп. Қазіргі исламға сәл күмән келтіргенде «сен құдайдан безейін деген екенсің» деген сөз көп айтылады. Тозақ хақысында бопсалар айтылады. Айтылатыны да даусыз. Себебі әр адам өз сенімі үшін күреседі, өзі сенген жолдың қате емес екеніне сенгісі келеді. Мен өз сенімім жайлы көп талқыламауға тырысамын, сол үшін көп дауға да түспеймін. Бірақ еліміздегі мүфтият өкілдері сондай бір агрессиямен тәңіршілдікті тыйуға талпынып жатқандай көрінеді. Бұл дін емес, наным, бұны тек қиырдағы жабайы халықтар ғана ұстанған, ислам қазаққа өркениетті әкелді, енді содан айнып аллаһқа шек келтіруге, асыл дінімізді мойындамауға көшті деп жауап беруде. Меніңше ислам дінінің өкілдері мұнша даурығатындай ештеңе жоқ. Керісінше, исламға өркениетті әкелген жергілікті халық болатын. Әйтпесе Орта Азияны жаулап алу жоспары Мұхамед расул өмірден озғаннан кейін, дінді желеу еткен жергілікті шонжарлардың басқа да жерді жаулап алу мақсатынан туғаны анық қой.

Қалай ойлайсыз, біздің қоғамда өзге діни ұстанымдағы адамдарға кемсітушілік жасалады ма?

– Кемсіту кем ойлайтын қауымның кез келгенінде бар. Менің бала кезімде ауылда жалғыз бір «жынды» адам бар болатын, дұрыс сөйлей алмайтын, дұрыс жүре алмайтын. Сонда оған саусағын шошайтып күлуге, мазақтауға үлкендер үзілді-кесілді тыйым салатын. Үйге келсе әжем шәй-тамағын беріп, шығарып салатын. Әжем өмірден қайтқанда сол адамның үйге кеп, жер сабап жылағаны әлі есімнен кетпейді. Сонда кез келгеннің өміріне құрметпен қарайтын нағыз қазақы таным дегеніңіз осы. Қазір жынды тұрмақ сау адамды кекетуге дайын отырамыз. Бұның себебін психология былай түсіндіреді: күлуші адам біреудің сөзін/ісін теріске шығарып мазақтау үстінде біреудің пікірін не таңдауын құнсыздандыру арқылы өз сенім/таңдауын нақтылауға тырысады (демек онда күмән да бар) және ол уақытта күлушінің қан қысымы көтеріледі, жүрек қағысы тездетеді, бұлшықеттері ширыға бастайды, т.с.с. белгілер адам ашуға булыққанда да пайда болады. Бұның туындауының түпкі себебі өзіне, өзінің таңдауына деген сенімсіздік, тіпті, жалғыздық не бақытсыздық боп шығуы да әбден мүмкін. Сондықтан өз басым ондайға мән бермеймін, бәріміздің төрешіміз – жалғыз құдайдың өзі.

Сіздің бүгінгі көзқарасыңыз қалыптасам дегенше басыңыздан қандай қиыншылықтарды өткердіңіз?

– Ислам танымын қабылдадым. Намазын оқыдым, оранып та жүрдім. Ер адамның айтқанынан шықпауға тырыстым. Мен үнемі мінсіздікке ұмтылғыш едім, сонда ислами танымдағы ер-азаматың рұқсат етпесе ештеңе істеуге хақың жоқ деген сандыраққа да сендім, (іштей сенбесем де) соны көпшілікке ақыл қып айттым. Ақыры өзімді жоғалтып тындым. Ондай жанкештілігіңді құрметтейтін адам жолықса бағың ашылар (бәлкім), жолықпаса сорың боп жабысар. Сондықтан қазақ қызы қалпыма көштім.

Ең қызығы, мен туған Алтай жақта қызды да бала деп есептейді, ұлдан кем көрмейді, әке, ата, ағалары мойынында еркелетіп өсіреді, тіпті, жиырма бес-жиырма жеті жасқа дейін ұзатуға қимай жатады. Одан кейін ғана барып «қыз» атайды. Сондай үлкен мейірімге бөленіп өскен қыз бала жамандыққа аттап баспайды, сырттан да мейір іздеп сандалмайды, өсе келе елін есендікке жетелейтін ана атанды. Алматыға алғаш көшіп келгенде ұл баланы «бала» деп, қыз баланы «қыз» деп атайтын жергілікті елді көріп таң қалатынбыз. «Қызың қанша жаста?» деп сұрағандармен «кіп-кішкентай сәбиді қыз деп не көкіп тұрсың?» деп әкем төбелесе жаздайтын. Меніңше нағыз феминизм осы сияқты. Бұған дейін әйел адам ер адамның айнымас жолдасы есептелген (күңі емес), керек болса қолбасшы да, ел басшысы да болған. Қыз боп туған нәрестесін тірідей көметін араб халқы қыз баласының әлі күнге қадіріне жете алмай келе жатыр-ау. Соған келгенде олардан үйренетін ештеңеміз жоқ, бірақ анау харам, мынау күнә деп үйреткісі кеп тұратындары – шынымен қиыншылық.

Сіздің көзқарасыңыздан достарыңыздың сенімі өзгерді ме?

– Мен ешкімді өзгерткім келмейді, себебі менің өзгеруіме ешкім емес, өзім ғана себеп болғам. Біреудің сенімін бұзу менің ісім емес, әркім өз жолын өзі таңдауы керек, бірақ муслим емес екенімді көбі біледі, құрметтейтіндері бар, қарсылықтары да жоқ, сенімге тиіспей тату өмір сүру керек деп есептеймін.

Өзге діни ұстанымыңыз үшін қоғамдық көзқарастан қысым көрген жағдайлар болды ма?

– Әзірге жоқ, (себебі ұрыс-керіс, дау-дамайды суқаным сүймейді, алшақ жүруге тырысамын) және болмаса да екен деймін. Діндердің де шынымен толеранттылыққа тәрбиелейтініне сенгім келеді.

Бұндай көзқараспен  біздің қоғамда өмір сүру қиын ба?

– Меніңше қиын емес. Себебі қазір ислам деп ұстанып жүргеніміздің басым көп пайызы тәңірлік танымнан жеткен үрдіс қой. Ислам деген аты болмаса баласын бесікке саларда шешесі отпен аластайды, үкі, көзмоншақ тағып қояды, табалдырықтан келін аттағанда енесі отқа май құйып, «Ұмай ана қолдасын» дейді, коронавирус шықты дегенде үйде адыраспан тұтаттық, жұма сайын иіс шығарамыз, жақсы көрген адамымызға тұмар тағамыз, аруаққа сыйынамыз, сенеміз, қабіріндегі ағашқа ақтық байлаймыз, тағысын тағы. Бес уақыт намазды арабша жаттап оқып, құран аударып, уағыз тыңдап, қажылыққа барғанымыздан басқасының қайсы бірі ислам ғой дейсіз?

Қазіргі жетілген сана-сезіміңізбен өткен шақтағы өзіңізге не дер едіңіз?

Құдай жолында көкейіңе түскен титімдей күмән – өзегіңе түскен жегі құртпен тең. Тарының түйіріндей де сұраққа тұшымды жауап дінде жоқ па, табиғатыңнан ізде, танымыңнан тап. Ол бар және бір, күмән жоқ. Тәуекелден қорықпа, еш кітапта жоқ ақиқатыңды өз ішіңнен ізде, санаңның жеткенінше елестете алатын құдайыңның қандай екенін таны, сүй, сен, серпіл! Оған деген махаббатты тозақ та қорқыта алмайды, жұмақ та қызықтыра алмайды.

Тәңіршілдік туралы дінтану маманы Әлижан Әлібекұлы былай дейді:

– Кейіпкеріміз атағандай – қандайда дін болмасын өзінің түпкі пайда болуында мөлдір наным болып келеді. Алайда, уақыт өте ол халықты басқару құралына айналады. Сайын далаға Ислам келген уақыттқа дейін, оның түпкілікті бүгінгі Қазқстанға тарауына дйін ұзақ жылдар өтті. Алтайдан келген кандасымыздың әнгімесінің төркіні сонда тұр.

Қазақ фольклорының екі кейіпкері Қыз Жібек пен Балқадишаның өмірінен біз қазақ даласында ислам дінінің толығымен таралуын көре аламыз. Егерде Жібек болашақ жарын өзі таңдаса, Балқадишаны ағайындары өзінің еркісіз ұзатып жібереді. Міне, демек Сахарада Исламның ықпалы орыс патшалығының құрамына толығымен еніп кеткенде күшейген.

Кейіпкеріміз дұрыс айтады: қандай да бір дінді ұстану – ол әрбір азаматтың өз еркі. Дегенмен қоғамда өмір сүргесін, қоғамдық қатынаста болғасын индивид бір бірімен араласуға мәжбүр. Осы ретте екінші бір тараптың бірінші тарапқа дінді уағыздап, насихаттау немесе оның діни көзқарасына құрметсіз қарау фактілері орын алуда. Дәстүрлі саналатын исламның өзінде соңғы жылдары радикалдану процесі бар. Мүминдер ізгілікпен құрметке шақыра отырып өзгенің көзқарасын қабылдамайды.

Тәңіршілдік – ерте және ортағасырларда қазіргі Қазақстан территориясын мекендеген халықтардың арасында кең тараған сенім. Бұл сенімнің баста ерекшелігі – ол Еркіндік. Қазақ сөзінің этимологиясы кейбір ғалымдардың пайымдауынша еркіндік ұғымын береді. Осы ретте қазіргі қазақ жастары арасында неотәңіршілдік сұранысқа ие болуда.

Бұл жазба Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен әзірленген. Жазбаның мазмұны Жамиля Касымканованың жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

Автор: Жамиля Касымканова

Бөлісу: