BigData елегінде – парламент сенаты. Заңда – 49, сайтта – 48.

Бөлісу:

Президент Тоқаевтың жарлығымен бүгін (12 тамызда) парламент сенатына сайлау өтеді.

Сенатта 49 депутат бар. Олардың 15-ін – президент, 34-ін – облыстар мен республикалық мәртебесі бар үш қаладағы (Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент) мәслихаттар сайлайды. Сенатта әр облыстан және аталған қалалардан 2 депутаттан болады.

Биыл 17 сенатордың өкілеті бітті. Олар – Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы, Нұр-сұлтан, Шымкент қалаларының өкілдері.

Сенаторларды жергілікті мәжілістер сайлайды дедік. Сондықтан сайлауалды интрига болмайды. Қара үзіп шығатындар әдетте алдын ала белгілі, тосын нәтиже ешқашан болмаған. Себебі үміткер кандидат ретінде тіркелу үшін жергілікті мәслихат депутаттарының кемінде оннан бір дауысын жинауы керек. Ал мұндай дауысты тек айқын басымдыққа ие адамдар жинай алады.

 

Қазіргі (VI шақырылымдағы) cенаттың құрамы

Жоғары палата (біздің жағдайда – сенат) тарихи тұрғыдан ақырғы шешім қабылдар алдындағы соңғы фильтр ретінде ойластырылған. Төменгі палата (біздің жағдайда – мәжіліс) шешім қабылдайды, ал жоғары палата – оны не бекітеді, не бекітпейді. Сондықтан теорияда – cенатта барлық тараптан біркелкі өкілдер саны болуы керек.

Сенаттағы партияаралық арасалмақ қазір келесі түрде:

Сенаттағы (VI шақырылым) партиялардың үлесі

Сенат мүшелері келесідей. Олардың алды – үш рет  сайланған:

Қазіргі (VI шақырылымдағы, 12 тамыз 2020 күніне дейінгі) сенат құрамы

 

Стоп! Біз ҚР сенатында 49 депутат болуы керек дедік. Бірақ ҚР парламенті сенатының сайтында 48 адамды ғана көріп тұрмыз (екі тілдегі нұсқада да). Тағы біреуі кім сонда?

Бұл бір орынды – тұңғыш президент Назарбаевқа берілген “құрметті сенатор” атағы деп ойлауға болар еді. Бірақ бұл мәртебені тағайындаған сенат бюросының 2019 жылғы 27 мамырдағы №306 – VI СБ қаулысында – құрметті сенатордың дауыс беру құқы туралы сөз жоқ. Тек кез келген отырысқа қатысу, тыңдалу және сөз сөйлеу құқы ғана бекітілген. Бұған түсініктеме алуға осы мақаланы қаттау кезінде сенат баспасөз қызметімен байланысу мүмкін болмады (парламент сайтында көрсетілген 74-72-17, 72-72-53 нөмірлері – «жүйеде тіркелмеген»).

Өкілеті аяқталған 17 сенатор мен олардың ішіндегі – қайта сайлануға ниет білдіргендер (жасыл шақпақ):

Өкілеті аяқталған 17 сенатор мен олардың ішіндегі – қайта сайлануға ниет білдіргендер (жасыл шақпақ)

 

Сенаторлар: кім қашан және қанша мерзімге келді?

(слайд-таймлайн)

Әдістеме: Сенаторлардың сайланған күні – Орталық Сайлау Комиссиясының қаулысы немесе президенттің тағайындау туралы жарлығы шыққан күн деп алынды. Өкілетті мерзімі бітетін күн – қаулы және жарлық шыққан күнге тура алты жыл мерзім қосылып шығарылды.

Келесіде біз – осы VI құрамдағы сенаторлардың белсендігін зерттейтін боламыз. Сіз сенат жұмысының өнімділік көрсеткішіне куә боласыз.

 

Ерлан Оспан


Дереккөздер:

  • ҚР парламентінің сайты;
  • Орталық сайлау комиссиясының сайты;
  • БАҚ-тардағы жаңалықтар.

 


БҰЛ ЖОБА АҚШ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДАМУ АГЕНТТІГІНІҢ (USAID) ҚОЛДАУЫМЕН ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ INTERNEWS ӨКІЛДІГІНІҢ “MEDIA CAMP — ОРТАЛЫҚ АЗИЯ” БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСТЫ.

Бөлісу: